Міндет. Адал еңбек. Абырой

Міндет. Адал еңбек. Абырой

2026 жылғы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы қарсаңында саяси партиялар сайлаушыларға өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, кездесулер өткізіп, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыруда.
 Осыған орай, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, Жетісу облысынан сайланған ҚР Парламенті Сенатының VII - VIII сайланымның депутаты Ғалиасқар Сарыбаевпен сұхбаттасып, атқарған жұмыстары туралы сұхбат алған едік.


    2026 жылғы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы қарсаңында саяси партиялардың кандидаттар тізімі қоғамда қызу талқыланды. Ұлттық теледебат өтті. Сол тізімнің ішінде Сізді көрмедік. Осыған Сіздің пікіріңіз қалай?
    — Парламенттің көптеген тәжірибелі, әрі беделді саясаткерлері тізімде болмады. Бұл олардың еңбегі теріс бағаланды дегенді білдірмейді, олардың әлеуеті мемлекетімізге, қоғамға әлі де, өз пайдасын береді. Бұл саясаткерлердің жүйеден кетуі емес, ауқымды кадрлық ротация деуге болады.
    Еліміздегі өзгерістер ҚР Президенті бастамашылық еткен саяси реформалардың жалғасы ретінде бағалаған жөн. Мемлекет басшысы бастаған саяси трансформация, еш мемлекетте тәжірибесі болмаған саяси реформаның 4 пакетінің бірі ретінде қабылданғаны дұрыс.
    Бүгін тізімге енген жеке есімдерді, Ұлттық телемарафонға қатысқан үміткерлерді қоғамда талқылау емес, билікті қалыптастырудың жаңа моделі ретінде қараған абзал.
    Ең бастысы бұл бастамалар еліміздің әл-ауқатын арттыруға, азаматтарымызға жайлы орта құруға, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс.

    — Сіз тарихта Жетісу облысынан сайланған бірінші және соңғы Парламент Сенатының депутаты ретінде қалдыңыз. Бір оқырманымыз Сіздің Сенатта болған мерзіміңізді санап, 3 жыл 9 ай деп белгілепті. Сенаттағы қызметіңізді баяндап кетсеңіз.
    — Жер жәннаты Жетісудан көптеген ел қалаулылары шыққан. Ал бірінші, соңғы Сенатор деуі, Алматы облысының бөлінуі мен Жетісу облысының жаңадан құрылуына байланысты айтылған болар.
    Менің әріптесім Есбай Амангелді Ғабділкәрімұлы екеуіміз 2022 жылғы 24 тамызда өткен сайлау қорытындысы бойынша Жетісу облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайландық.
    Ел қалаулысының қызметі оның депутаттық мерзімімен есептелмейді, атқарған жұмыстарымен, қабылдаған заңдарға қатысуымен сарапталады.
    Жалпы еңбегіміздің бағасын халық, мәслихат депуттаттары бере жатар. Оған уақыт сыншы болсын.  
    Біз 2022 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 30 маусымға дейінгі кезеңде VII сайланымның төртінші сессиясында және VIII сайланымның бірінші-төртінші сессияларының жұмысына қатыстық.
    Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, әрі мүшесі болдым.
    Жалпы алғанда, атқарылған жұмыс мемлекеттік саясатты іске асыруға, заңнаманы жетілдіруге, мемлекеттік органдар қызметіне парламенттік бақылауды қамтамасыз етуге, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдауға және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталды.
    Ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы заңнаманы жетілдіру, ғылым мен жоғары білімді дамыту, ғарыш саласын өркендету, көлік инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шарттық-құқықтық базасын нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

    — ҚР Парламенті заң шығарушы орган. Бүгін республикамызда 15 Конституциялық заң, 22 Кодекс, 304 базалық заң бар. Ал 2,5 мың заң қолданыста. Көп заңдарға өзгерістер мен қосымшалар енгізілді. Сіздер жаңа Ата заңымыздың қабылдануына жұмыс атқардыңыздар. Көптеген өзекті мәселелер бойынша депутаттар заң шығаруға бастамашыл болып жатады. Осы туралы айта кетсеңіз?
    — Ең бастысы Бүкілхалықтық референдумда жаңа ҚР Конституциямызды, Палаталардың бірлескен отырысында негізгі 6 Конституциялық заңды қабылдадық. Оның ішінде «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының жобасының қабылдануына Сенат депутаты Бекназаров Нұрлан Құдиярұлы, Мәжіліс депутаты Башимов Марат Советұлымен бірге басшылық жасадық.
    Жалпы біз қызмет атқарған мерзімде Қазақстан Республикасының 436 заңы қаралды. Оның ішінде Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бойынша 52 заң бас комитет ретінде айқындалды. 11 заң бойынша қаралу үдерісіне жетекшілік еттім.
    Заң шығару қызметі барысында Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарымен бірлесіп 5 заң жобасының әзірленуіне және қабылдануына бастамашыл болдық.
    – 2023 жылы Сенат депутаттары Булавкина Ольга Александровна, Дүйсенбинов Сұлтан Мырзабекұлымен бірге «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (№ 198-ІІІ, 26.06.2025 ж.);   
    – 2024 жылы Сенат депутаты Жүсіп Нұртөре Байтлесұлы, Мәжіліс депутаттары Жаңбыршин Еділ Терекбайұлы, Құспан Айгүл Сайфоллақызы, Ізмуханбетов Бақтықожа Салахатдинұлымен бірге «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» (№ 78-VIII, 26.04.2024);
    – 2026 жылы Сенат депутаты Шиповских Геннадий Геннадиевич, Мәжіліс депутаттары Казанцев Павел Олегович, Керімбек Болат Бақбергенұлымен бірге «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздік және арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (№ 301-VIII, 10.06.2026) және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (№302-VIII, 10.06.2026);
    – 2026 жылы Мәжіліс депутатты Құспеков Олжас Хайроллаұлымен бірге «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (№ 323-VIII, 24.06.2026) заңдары қабылданды.
    Ең бастысы, Қаңтар оқиғасына қатысты ҚР Президенті Тоқаев Қасым – Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша әзірленген «Рақымшылық жасау туралы» заңына әріптестерім Сенат депутаттары Сүлейменова Ләзат Жаңылысқызы, Есбай Амангелді Ғабділкәрімұлымен бірлесе отырып, өзгертулер мен қосымшалар енгізіп, рақымшылық жасалатын азаматтардың тізімі кеңейтілді.
    Депутаттық қызметім кезеңінде Парламент Палаталарының 22 бірлескен отырысына,  Сенаттың - 144, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің - 161, жұмыс тобының – 124 отырысына, 6 парламенттік тыңдауға, 13 Үкімет сағатына, сондай-ақ сайлаушылармен, мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының, азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерімен өткен 164 кездесуге белсенді қатыстым.
    Заң шығару қызметі шеңберінде Сенаттың Палата отырыстарында бас комитет болып айқындалған заңдар бойынша 12 баяндама, заңдарды қолдау мақсатында 11 баяндама жасап, қабылданатын заңдарды талқылау барысында 26 рет сөз сөйледім.
    Сонымен қатар, заң шығару қызметін жетілдіру мақсатында Мәжілістегі саяси партиялар фракцияларының, Қазақстан Республикасы Парламентаризм институтының ұйымдастыруымен өткен 34 «дөңгелек үстелге», кездесуге және отырысқа қатысып, олардың қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар мен ұсынымдар әзірледім.
    — Мәртебелі депутаттық қызметтің басты бір бөлігі депутаттық сауалдар болып табылады. Қанша депутаттық сауал жасадыңыз және оның қаншасы өз шешімін тапты?
    — Депутаттық қызмет барысында өзекті мәселелер бойынша 31 депутаттық сауал жарияладым. Олар Жетісу облысының дамуы, азаматтық авиация және аэроғарыш өнеркәсібі, жекеменшік білім беру орталықтарының қызметін реттеу, психологтардың қызметі, су тасқынынан зардап шеккен мектеп түлектері мен талапкерлерді ҰБТ-ға даярлау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, биологиялық қауіпсіздік, креативті индустрияны дамыту, ғылым мен білімді қолдау, ветеринария саласындағы заңнаманы жетілдіру, көлік инфрақұрылымы объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жоғары білімді дамыту, әскери медицина кадрларын даярлау және өзге де өзекті мәселелерді қамтыды.
    Сонымен қатар, Парламент депутаттарымен бірлесіп, түрлі проблемалық мәселелер бойынша 92 депутаттық сауалға ат салыстым. Оның 80 пайызға жуығы орындалды.
    — Сайлаушылармен қарым-қатысыңыз, жерлестеріңіздің аманаты туралы айтсаңыз?
    — Парламентте 63 жеке азаматтарды қабылдадым, 134 кәсіпорын, мекеменің  сайлаушылармен кездестім, жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен 654 жазбаша өтінішті қарап, жауап бердім.
    Жетісу облысынан сайланған сенатор ретінде Жетісу облысы әкімдігімен бірлесе отырып, өңірдің инфрақұрылымы мен әлеуметтік мәселелеріне ерекше көңіл бөлдік.
    Бұл мәселелерді шешуге облыс әкімі Исабаев Бейбіт Өксікбайұлының  басшылығымен облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттер, аудан, қала әкімдерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі болды.
    ҚР Парламентінің депутаттары Дүйсенбинов Сұлтан Мырзабекұлы, Есбай Амангелді Ғабділкәрімұлы, Маггерамов Маггерам Мамедович, Қожасбаев Руслан Сәдуақасұлы, Керімбек Болат Бақбергенұлы, Баққожаев Анас Ахатұлы, Сайлаубай Наурыз Саятұлы, Бейсенбаев Ержан Алмабекұлы, Смолякова Екатерина Сергеевнамен бірге:
    •    Алакөл мен Балқаш өңірлерінің туризмін дамытуға, Алакөл жағасын бекітуге, Талдықорған – Балқаш тас жолын салуға;
    •    Ақши ауылын электрмен қамтамасыз ету жобасына;
    •    Жетісу облысындағы ауылдарды газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету,  иррегация мәселеріне;
    •    Алматы мен Жетісу облысының бөлінуіне байланысты жер кадастрларын ретке келтіруге;
    •    Жетісу облысындағы өрт сөндіру бөлімшелерін, Алматы – Талдықорған – Үшарал, Алматы – Сарыөзек – Жаркент, Алматы – Жаркент күре жолдарын, Талдықорған, Сарыөзек поликлиникаларын, ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға арналған Талдықорған қалалық оңалту орталығын және де басқа әлеуметтік нысандарды салуға, күрделі жөндеу өткізуге;  
    •    Жетісу облысы тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және өңірдің өзекті мәселелерін шешу мақсатында 152 маңызды жобаны қаржыландыруға қолдау көрсетілді.
Атап айтқанда, елді мекендерді газдандыру, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу және күрделі жөндеу, автомобиль жолдарын жаңғырту, инженерлік-коммуникациялық желілерді дамыту, тұрғын үй салу, өртке қарсы қызмет нысандарын және су шаруашылығы объектілерін дамыту сияқты маңызды жобалары іске асырылды.
    — Басқа Сенат депутаттары өңірлерден сайланғанына қарамастан республика көлеміндегі мәселелерді көтеріп жатады. Ол не себептен?
    — Әрбір депутат өңірден сайлануымен бірге, Парламент қабырғасында комитеттерде жұмыс атқарады. Комитеттердің функциясы мен регламентіне байланысты басқа өңірлер жұмысына, республика көлеміндегі мәселелерді көтереді. Ол бірталай қордаланған мәселелерді шешуге септігін тигізеді.
    Тікелей өзімнің араласуымен Алматы қаласы бойынша:
    •    Төтенше жағдайға қатысты Алматы қаласының тау бөктерінде орналасқан 7 бөгеттердің (плотина) мәселесі көтерілді, қаржы бөлінді.
    •    Жақында ғана саяси партиялардың Ұлттық теледебаты өткен, Қаңтар оқиғасында өртеніп кеткен «Қазақстан» телеарнасының ғимаратына қаржы бөлгізіп, бірнеше рет құрылыс компанияларының басшылығымен кездесіп, сапалы салуға бақылау жасалды, құрылысы аяқталды.
    •    «Көктөбе» телемұнарасының жағдайына байланысты көтерген мәселелерге байланысты еліміздегі барлық теле-радио кешендері мұналарын  ретке келтіру үшін арнайы жол картасы қабылданды.
    •    Алматы қаласының метросының қауіпсіздігі мен болашақ дамуы туралы ұсынысым бойынша қалалық әкімдіктің арнайы жиналысы өтті.
    Республика көлемінде:
    •    Шекара мәселесі, трансшекаралық су, биоқауіпсіздік, көмірсутегі бейтараптығы  мәселелері бойынша ұсынымдар әзірленді.
    •    Атом энергетикасы, Ядролық физика институты, «Ғарыш сапары», Байқоңыр космодромы, KazSat жасанды жол серіктері мекемелерінің жұмысымен тығыз танысып, кешенді мәселелерді шешуге көмек берілді.
    •    Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру, әскери қызметтің абыройын көтеру мақсатында Отан алдындағы өз борышын үлгілі өтеген ұландарға ұлттық бірыңғай тест тапсырмай-ақ, оқуға түсуге жәрдем жасалды. ҚР Сенат депутаты Сатвалдиев Әлишер Гапиржанұлы мен Мәжіліс депутаты Керімбек Болат Бақбергенұлымен бірге жыл сайын 3500 грант бөлгіздік және олар еліміздің 80 – нен астам жоғары оқу орнында тегін оқуына мүмкіндік берді. Бүгінгі күні 10 000 – нан аса балалар оқуда.
•    Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетіне қосымша 60 грант, Отандық ғылымды қолдау мақсатында ҚР Сенат депутаты Сатвалдиев Әлишер Гапиржанұлымен бірге доктарантураға 20 грант берілді.
    — Жаңа сөзіңізде Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, мүшесі болыпсыз. Өмір бойы өңірде жұмыс атқардыңыз, халықаралық қызметте қиындықтар туындамады ма?
    — Әрсаланың өзіндік қиындықтары болады. Оны меңгеруге білім мен тәжірибе керек, еліңді жан-тәніңмен сүйген дұрыс. Сонда алмайтын асу жоқ.
    Комитет мүшелері Шәкіров Асқар Оразалыұлы, Құл-Мұхамед Мұхтар Абрарұлы, Лукин Андрей Иванович, Мұсабаев Талғат Амангелдіұлы, Бақтиярұлы Мұрат, Ершов Сергей Михайлович, Нұржігітова Дана Өмірбайқызы, Қыдырәлі Дарқан Қуандықұлы, Нұғманов Амангелді Шайхоллаұлы, Жексенбай Бибігүл Нұрғалиқызы, Сатвалдиев Әлишер Гапиржанұлы, Шиповских Геннадий Геннадиевичпен әр сессияларда әріптес болған, тәжірибелері мол ел қалаулыларымен бірге қызмет атқарғанымды мақтан тұтамын.   
    Комитетте бөлім басшылары болған қазіргі ҚР Әділет министрі Сәрсенбаев Ерлан Жақсылықұлы мен Сырғабаева Ақмарал Төреханқызының еңбектерін жеке атап өтуге лайық.
    Халықаралық қызметті жүзеге асыру аясында халықаралық парламенттік ұйымдардың жұмысы мен іс-шараларына қатысып, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шет мемлекеттер парламенттерімен ынтымақтастық жөніндегі топтардың мүшесі болдым.
    Парламентаралық ынтымақтастықты дамыту шеңберінде 2023 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы қауіпсіздік саласындағы заңнаманы үйлестіру және жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі Біріккен комиссияның, сондай-ақ Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД ПАА Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырыстарына барып, ал 2024-2026 жылдары аталған комиссиялар мен жұмыс органдарының отырыстарына онлайн форматта қатыстым, ұсыныстар енгіздім.
    Аталған отырыстарда үлгілік заңдардың, нормативтік құқықтық актілердің жобалары қаралды. Сонымен қатар, ТМД ПАА жанындағы қауіпсіздік саласындағы заңнаманы үйлестіру және жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі Біріккен комиссияның отырысында әртүрлі салалардағы құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері талқыланды.
    2023 жылы Люксембург қаласында өткен парламентаралық диалогты дамыту аясында жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланған Солтүстік Атлантикалық Келісім Ұйымы (НАТО) Парламенттік Ассамблеясының көктемгі сессиясына қатыстым.
    Қазақстан Республикасы Парламенті мен әлемнің басқа мемлекеттері парламенттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Қазақстан – Бельгия» парламентаралық ынтымақтастық тобының, «Қазақстан – Бразилия» және «Қазақстан – Моңғолия» парламентаралық достық топтарының жұмысына ат салыстым.
    Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының ресми делегациялары құрамында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Фара Карими бастаған делегациясымен, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының өкілдерімен, сондай-ақ Швейцария кантондарының депутаттарымен өткен кездесулерде болдым.
    Сенат комитеттерінің мүшелерімен бірлесіп Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) жаһандық өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Рольф Шварцпен, сондай-ақ Таиланд Парламенті Сенатының Қарулы күштер және мемлекеттік қауіпсіздік жөніндегі комитетінің өкілдерімен кездесулерге қатыстым.
    Сайлау процесінің ашықтығын, жариялылығын және оған қоғамның сенімін қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Әзербайжан Республикасында өткен кезектен тыс парламенттік сайлауды байқау жөніндегі миссиясының құрамында Баку қаласында халықаралық байқаушысы болдым. Ал 2025 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы делегациясының құрамында Қырғыз Республикасының Жогорку Кеңешіне өткен кезектен тыс сайлауға халықаралық мониторинг жүргіздім.
    2025 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасы Әшімбаев Мәулен Сағатханұлының Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапарында делегация құрамында болдым.
    Сонымен қатар, Қазақстан аумағында да халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуға араластым.
    2022 және 2025 жылдары Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI және VII съездерінің жұмысына қатыстым. Сондай-ақ Иран, Сербия, Өзбекстан, Жапония және басқа да мемлекеттерінің елшіліктері мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы, Еуразиялық халықаралық зерттеулер қауымдастығы, Қытайды зерттеушілер қауымдастығы және басқа да халықаралық ұйымдар ұйымдастырған түрлі форматтағы 105 халықаралық іс-шараларда болдым.
    — Кейбір әріптестеріңіз Сізді «төртінші косманавт»,- деп атапты. Оны қалай түсінуге болады?
    — Косманавт болу үшін ең алдымен мықты денсаулық, ғарыш, астродинамика, телекомуникация, техника саласында терең білім, жұлдыздар мен галактикалық салада ғылыми-зерттеу жұмыстары, ғарыш кеңестігінде орын алатын төтенше жағдайларда психологиялық салмақтылық, жоғары жауапкершілік қажет. Олардың қаншасы менің бойымда бар екенін өзіңіз көріп отырсыз. Әрине, осы себептерге байланысты келесі косманавт мен болмаймын.
    2025 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл,  2026 жылы адамзат баласының ғарышқа қадам басқанына 65 жыл толуына орай баяндама жасаған едім.
   Сол кезде қызы –қыза келіп: «Қазақ елінің 4 - косманавты ұшу керек»,- деген едім. Сол кезде әріптестерім: «Дайын тұрған ғарышкер жоқ, өзің ұшып, барып келгенің дұрыс болар»,- деп қалжыңдаған болатын.       
    Шын мәнінде, цифрландыру және аэроғарыш саласын дамыту мақсатында Республикалық ғарыштық байланыс орталықтарына, Ұлттық ғарыш орталығының құрастыру-сынақ кешеніне, «Байқоңыр» ғарыш айлағына, Қазақстан ғарыш сапары, «Байтерек» Қазақстан – Ресей бірлескен кәсіпорындарына барып, жұмыстарын зерделедім.
    Сондай-ақ, кеме командирі Сергей Рыжиков, бортинженер Алексей Витальевич Зубрицкий және NASA астронавты Джонни Ким басқарған «Союз МС-27» ғарыш кемесінің ұшырылуын бақылап, ұшу алдындағы дайындық, зымыранды ұшыру алаңына шығару және ғарыш кемесін ұшыру үдерістерімен таныстым.
    Оған себеп, Халық қаһармандары Мұсабаев Талғат Амангелдіұлымен, Айымбетов Айдын Ақанұлымен тығыз байланыста болуым әсер етті.
    2026 жылғы 30 мамырда Байқоңыр ғарыш айлағынан  отандық «Союз – 5 - Сұңқар» зымыран тасығышының алғашқы тарихи ұшырылымына басшылық жасаған, жерлесіміз Айымбетов Айдын Ақанұлы болды.
    ҚР Жасынды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Олжабеков Серік Мәлікұлы, Аэроғарыш комитетінің төрағасы Оралмағанбетов Баубек Жеткергенұлы ұшырылымды әзірлеу, халықаралық стандарттарды сақтау, ғарыш ұшу платформасына заманауй  күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу, ұйымдастару мәселелерін шешу, заңдық негіздерін қабылдауда маған көптеген әдістемелік көмек берді.
    Ресей мемлекетінің «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы жалға алған кешендерді қайтарып алуға, отандық ғарыш саласы мен телекоммуникация  саласын дамытуға қосқан үлесім дарияға тамған тамшымен бірдей деп ойлаймын. Жалпы бүгінгі күні Қазақ елінің 4 – ғарышкері ұшатын кезең келді.
    — Бүгінгі таңда ғылымның негізін құрайтын цифрлы контент, жасанды интеллектінің маңызы арта түсуде. Бұл, жаһандық үрдістер әлемдік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі болып табылады және ғылымның драйвері. Бұл жөнінде пікіріңізді білгіміз келеді.
    — Өркениетті мемлекеттер ауқымды ақпа¬рат¬тық технологияларға, супер компьютерлерге негізделген «Білім экономикасына» бағыт алып, инно¬вациялық серпіліс жасауда.
    Болашақты ғылымның негізін құрайтын цифрлы контент, жасанды интеллект, виртуалды әлем, кванттық механика, ядролық физика, атом энергиясы, үлкен дерек¬тер, заттар интернеті, киберфи¬зика¬лық жүйелер, блокчейн техноло¬гия¬лары, бұлттық системаларсыз елестету өте қиын.
    Еліміздегі В.Г.Фесенков атындағы астрофизика ғылыми – зерттеу институтын, ионосфера институтын, Ұлттық ядролық орталығы, жоғары оқу орындарының және басқа да ғылыми – зерттеу, мекемелерінің ұжымдарымен кесдесіп, өзекті мәселелерді талқыладық, шешу жолдарын қарастырдық.
    Елдердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға бағытталған іс-шаралар аясында «Орталық Азияның орнықты дамуы: парламенттер мен жергілікті өкілді органдардың рөлі» тақырыбында өткен Қазақстан Республикасының ұлттық орнықты даму мақсаттары мен міндеттерінің іске асырылуын мониторингтеу жөніндегі парламенттік комиссияның кеңейтілген отырысында, «Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығы мен «Kazenergy» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған «Париж келісімінің 6-бабы шеңберінде ұлттық көміртек сертификаттау жүйесін қалыптастыру» тақырыбындағы халықаралық семинарда ұсыныстар енгіздім.
    Ғылымды дамытуға қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ ұйымдастырған «Ұлттық және өңірлік қауіпсіздік қазіргі заманғы сын-қатерлер аясында» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға, Түркі академиясы ұйымдастырған «Бауырластық тамыры: Тұлғалар ғибраты», Ұлттық қорғаныс университеті ұйымдастырған «Жошы ханнан қазіргі кезеңге дейінгі қазақ мемлекеттілігінің бастаулары», Қазақстан Республикасы «Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің әскери мұрасы», «Құснихат: Орталық Азиядағы ислам каллиграфиясы», «Медиацияны қолданудың халықаралық тәжірибесі, «Қазақстан – Болгария» және басқа да халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жұмысында сөз сөйледім.
    — Азаматтық қоғам институтарымен қандай жұмыс атқардыңыз?
    — Азаматтардың мемлекеттік шешімдерді қабылдау процесіне қатысуын қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен жариялылығын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестердің мүшесі болып табыламын.
    Дамуға ресми көмек көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында «KazAID» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен өзара іс-қимыл жүргіздім.
   Қоғамдық қызметімнің маңызды бағыттарының бірі – «Отандастар» қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалымен және «Бота» қоғамдық бірлестігімен өзара ынтымақтастық болып табылды.
    Осыған орай,  ҚР Сенат депутаты Сатвалдиев Әлишер Гапиржанұлы мен Мәжіліс депутаты  Керімбек Болат Бақбергенұлымен бірге берген ұсынысымызға байланысты қандастарымызға жыл сайын арнайы 3000 грант белгіленді. Осы ұйымдармен бірлесіп, шетелдегі отандастарымыздың өзекті мәселелерін шештік.
    Мәжіліс депутаты Керімбек Болат Бақбергенұлымен бірге «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен Моңғолияда өткен IV Кіші құрылтайға қатысып, Моңғолия мен Ресей Федерациясында тұратын этникалық қазақтармен кездестім. Сонымен қатар, «Отандастар» халықаралық форумының, Отандастар ғалымдар форумының, «Кәсіп иесі – 2025» форумының жұмысына, қазақ ақын-жазушыларының кітаптарының тұсаукесер рәсімдеріне қатысып, баяндама жасадым.
     Өскелең ұрпақты тәрбиелеу, олардың бойына отансүйгіштік, жауапкершілік сезімін қалыптастыру, ұлттық құндылықтар мен тарихи тамырға құрметті нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлдім.
     Осы мақсатта «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігімен және республикалық жастар қоғамдық ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, мектеп оқушыларымен және жоғары оқу орындарының студенттерімен ай сайын кездесулер өткіздім.
    Жастар мәслихатының жұмысына қатысу да қоғамдық қызметімнің жеке бір бағытына айналды.
    Жалпы алғанда, түрлі бағыттағы 350-ден астам іс-шараға қатыстым.
    — Жетісу облысының азаматтары Сізді масс-медиа саласының жанашыры ретінде бағалайды. Республика көлемінде БАҚ саласымен қандай қарым –қатынаста болдыңыз?
    —  Азаматтар мені ақпарат саласының жанашыры деп бағалап жатса, оларға алғысым шексіз. Ақпарат саласына көп еңбегі сіңген Жетісу облысында 200-ден астам журналистер тобы бар. Солардың еңбегін жеке бағалаған дұрыс болар.
    Республика көлемінде ең бірінші медиа орталығы Талдықорған қаласында салынды. Ол ең соңғы үлгідегі техника, құралдармен жабдықталды. Оған барлық БАҚ, коорпунктер орналасты. «Жетісу» теле-радио арнасының жеке шаңырақ болып қалуы да, қуантарлық іс. Ғасырдан аса тарихы бар облыстық «Жетісу», «Огни Алатау», аудандық, қалалық мерзімді басылымдары туралы жеке сұхбат жазуға тұрарлық.
    Атап айтсам, Сүлейменова Гүлжиян Мағданқызы, Ноженко Наталья Васильевна, Құранбек Бейсен Абайұлы  Жетісу өңірінің БАҚ саласына көп еңбек жасады.   
    Сенат қабырғасында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларының негізгі қағидаларын, елдегі маңызды оқиғалар мен стратегиялық құжаттарды түсіндіру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында 2 ғылыми, 50-ге жуық мақала, телеарналарда 480-нен астам хабарларда сөйледім.
     Ашықтық пен қолжетімділік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында Instagram, Facebook, ВКонтакте, Twitter, Threads және TikTok әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшаларымды тұрақты түрде жүргіздім. 6,5 мың оқырмандарыма арналған менің қызметім мен қоғам үшін өзекті тақырыптарға қатысты 10 000-нан астам жарияланым орналастырылды. Сонымен қатар, олармен тұрақты кері байланыс орнатып, сұрақтарына жауап берілді, өзекті әрі пайдалы ақпаратпен бөлісіп отырдым.
    Осы ауқымды жұмыстарды атқаруда Сенат аппараты мен жеке көмекшім Арзанбекова Сәуле Аманбайқызының еңбегі орасан зор болды.
    — Салауатты өмір салтын ұстанатын азаматсыз. Спорт туралы айта кетсеңіз.
    Қазақстан футбол федерациясының жұмысына қатысып, елімізде футболды дамытуға, төрешілерді, кәсіби жаттықтырушылар мен ойыншыларды даярлау жүйесін жетілдіруге, футбол менеджментін дамытуға және ұлттық футбол индустриясын қалыптастыруға бағытталған жұмыстарға атсалыстым.
    Осы бағыттағы жұмыстар аясында Қазақстан футбол федерациясы мен «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен әріптестеріммен бірлесіп, «UNI Football League» бірегей футбол жобасын іске асыруға қатыстым. Жоба ерекше білім беру қажеттіліктері бар, оның ішінде аутизм және Даун синдромы бар балалар мен жасөспірімдерді бұқаралық командалық спорт түрлеріне тартуға, олардың дене дамуына, спорттағы әлеуетін ашуға және қоғамға толыққанды бейімделуіне бағытталған.
    Салауатты өмір салтын ұстанып, оны кеңінен насихаттадым. Спортпен тұрақты түрде айналысып, Қазақстан Республикасы Парламентінің волейбол және футбол бойынша құрама командаларына басшылық жасап, белсенді мүшесі болдым.
    Мемлекеттік органдар арасында спорт түрлерінен өткен республикалық спартакиадада Парламент командасы 2024, 2025 жылдары бірінші орынды иеленді.
    — Жерлестерге тілегіңіз?
    — Бейбіт заман, игілікті бақ-дәулет, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!
    Еліміз еңселі, болашағымыз жарқын болсын!