БАТЫР ТҰЛҒА
Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанға еңбегі сіңген бапкер,
қадірлі дос, әріптес, өте ақ көңіл азамат,
ғибратты тұлға Темірхан Мыңайдарұлының өмірден өткеніне де
бір жыл болыпты.
Өзі өмірден қайтқанымен істеген игі істері, жақсы аты және ол
туралы шыққан еске алу кітабы мәңгі қалады деп ойлаймын!
Мен де осы кітапта өзімнің досым туралы еске алуымды жазған
едім.
Зымырап бара жатқан уақыт, өтіп бара жатқан өмір десеңші!
Біреуге қуаныш әкеліп жатса, біруге өкініш әкеледі.
Абзал азамат, біртуар тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері,
елімізге ерен еңбегімен танылған Темірхан Мыңайдарұлының өмірден
озғанына да бір жыл болыпты!
Халқымызда:
«Қурамайтын құрақ болмайды,
Суалмайтын суат болмайды,
Уақыты келген де
Таусылмайтын бұлақ болмайды», дегендей адамның тағдыры
шыр етіп дүниеге келген кезде жазылып, ғұмырының дәм-тұзының
ұзақтығы белгіленеді екен.. Алланың жазғанына ешкім қарсы тұра
алмайды.... Жаратқанның жазғаны осылай болды! Амал қанша,
қабырғамыз қайысып қиналамыз, сағынамыз, іздейміз.
«Ұлағатты тұлға қандай терең сайда отырса да, таудай болып
көрінеді» демей ме? Темекең бақилыққа аттанса да оның азаматтық
мұнарасы бізге ұзақтан көрініп, еккені жайқалып, тіккені тебіреніп,
артында қалған мұрасы халқының қазынасына айналды. Бізді
жұбататыны да, көңілге медеу болатыны да осылар.
Темірхан Мыңайдарұлы есімін алтын әріппен жазуға лайықты
кемеңгер жан, адал дос, қамқоршы бауыр, әрқашан
айналасындағыларға жақсылық жасап жүретін, өмірінде жеңіске жетуді
дағдыға айналдырған батыр, айбатты, айбарлы, жаңашыл, өмірді
сүйетін тұлға еді.
Өз еңбегімен, қайрат-күшімен еліне елеулі, халқына қалаулы
болды, ел тәуелсіздігі темірқазығының берік және нық болуына үлесін
қосқан қайраткер. Отыз жылдай саяси қызметте болып, еліміздің
дамуы жолында қажырлы еңбек етті.
Мен Темірхан Мыңайдарұлымен 1991 жылдың 16 тамызында, сол
кездегі Талдықорған облысының Үшарал әуежайында алғаш рет
кездестім. Бұл күннің ұмытылмай есімде қалғаны, сол жылдың 17-18
тамызында «Үйген тас» шатқалында қазақтың ұлы батыры Қаракерей
Қабанбайдың 300 жылдық тойына келген ресми делегацияны күтіп
алған болатынбыз.
Алматыдан Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы
Өзбекәлі Жәнібеков, Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай
Жолдасбеков бастаған делегация құрамында Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Кеңесінің депутаты Темірхан Досмұхамбетов те бар еді. Ол
кезде Талдықорған облыстық Кеңесінің аппарат басшысы қызметінде
болатынмын. Сонымен қатар батыр бабамыздың мерейтойын өткізуге
құрылған комиссия төрағасының орынбасары едім.
Мені Мырзатай аға Талдықорған педагогикалық институтында
ректор болған кезінен білетін болғандықтан, «Бұл азамат «Еңбек
резервтері» республикалық спорт қоғамынан сайланған Парламент
мүшесі Темірхан Досмұхамбетов» деп, екеумізді бір-бірімізге
таныстырды. Спортқа қатысы барын білген соң, ол салаға менің де
жақындығым әңгімемізді жарастыра жөнелді. Темекең екеуміз ескі
достардай ашық-жарқын сөйлесіп, үш күн бойы іс-шараның қайнаған
ортасында жүрдік. Халықтың кең пейілділігі мен ықыласының,
меймандос қонақжайлығының арқасында қонақтарды жоғары
деңгейде күттік. Мәскеуде ГКЧП болып жатқаннан хабарымыз жоқ,
Қытай шекарасындағы таудың ортасында Алматыдан және 19
облыстан келген 10 мыңға жуық кісі қатысқан дүбірлі той өтті.
Ырымшыл халқымыз болған істі жақсыға жоритын, көңілі дархан
ел емес пе! Темірхан Мыңайдарұлы да сол қиын-қыстау кезеңде
республикамызда алғашқылардың бірі болып ұйымдастырылған
мерекеге риза болып, батыр бабаның асынан үлкен әсер алып қайтты.
Ол көп ұзамай елімізде туризмді дамыту мақсатында «Яссауи»
қоғамын құрып, әлемнің түкпір-түкпірінен келгендерге қазақ жерінің
кереметтерін, тарихи жерлерін кеңінен таныстыра бастады.
Қазақстандағы туризм саласын егжей-тегжейлі зерттеп, оның дамуына
аянбай үлес қосқан, дара жол салған осы Темекеңнің өзі еді. Ұлан-
ғайыр осы еңбегі оның кейінгі қызметтерінің негізгі темірқазығына
айналды.
Одан кейінде Темекеңмен біздің қарым-қатынасымыз үзілген жоқ.
1993-1995 жылдары Германияда қызмет жасап келгенімде өзі қарсы
алып, екі жылда елде болған жаңалықтармен таныстырды, менің әрбір
ісіме ақыл-кеңесін беріп, ағалық қамқорлығын танытып жүрді.
Темекеңнің аңқылдаған ақ көңілін, адал достық пейілін,
жанашырлық қасиетін, жақсылығын ешқашан да ұмытпаймын.
Халқымызда «Бір адам от жақса, он адам жылынады» деген
жақсы сөз бар. Ал Темірхан Досмұхамбетов жүздеген адамды
қамқорлығына алып, жол сілтеп, тәлім-тәрбие беріп, майталман ұстаз
болып, әлемге аты белгілі қазақтың қайсар ұлдарын спорт шыңының
биігіне жеткізді. Олардың ішінде Айтжан Шаңғараев, Бостан
Жаңбырбаев, Қайрат Шаңғараев, Зиядан Исабеков, Владимир
Мукамелов және басқа спортшыларымыз Қазақстанды әлемге
танытып, туымызды желбіретіп, әнұранымызды шарықтатып
жеңістерге әкелді. Бұл бапкер Досмұхамбетовтің ұлт спортына қосқан
үлесінің бір бөлігі ғана.
Халқына қалтқысыз қызмет еткендегі барлық еңбегін айтып,
істеген салаларын жіктейтін болсақ, естелігіміздің де көлемі арта
түсетіні сөзсіз. Сондықтан Парламентте қызметтес болған
жылдарымды шолып өтсем де жеткілікті деп ойлаймын.
Темірхан Досмұхамбетовпен 5-ші сайланған Парламент
Мәжілісінің депутаты ретінде Халықаралық істер, қорғаныс және
қауіпсіздік комитетінде қоян-қолтық бірге жұмыс істедік. Парламентте
Темекең барлық жаңалықтың басында жүретін, үлкен шешімдер
қабылдауда өзінің салмақты сөзін айтататын, депутаттар мен
достардың ұйытқысы болатын. Әділ істі жанымен қолдайтын, егер ол
ауытқып бара жатса бірбеткейлік көрсетіп, бастаманы аяғына дейін
жеткізбей тыным таппайтын. Кейде: «Әріптестер жұмыстан
шаршағандарыңды көріп тұрмын, жүріңдер бір шай ішіп отырып,
сұхбаттасайық» деп, дастарқан жайып тастап, шаршаған әріптестеріне
жайдары күлкі сыйлап, сергітіп, көңіл күйлерін көтеруші еді. Мені
Парламент қабырғасында кездескен сайын құшағына алып,
«волейболистер самбистердей «подсечка» жасай алмайды» деп
жарқылдап күліп, ағалық сүйіспеншілігін білдіретін еді.
Парламентте жүрген күндердің бірінде Темекең депутаттықтан
кететіні туралы ойын білдірді. Әріптестері басында қарсы болып,
ағалар жағы ақылын айтып, асығыс шешім қабылдамауын сұрады.
Бірақ ол өз айтқанынан қайтпай, бізді бір демалыс күні өзі
ұйымдастырған «Байсерке» шаруашылығына алып баратынын
жеткізді. Комитет мүшелері бір автобуспен серіктестікке барып,
әріптесіміздің істеп жүрген ісіне таң қалдық. Сонда бойы 3 метрге жуық
жүгеріні, салмағы 1 тоннаға жуық бұқаларды, 70-75 литр сүт беретін
сиырларды, сәйгүлік жылқыларды көрдік. Сол кезде осыдан 19 ғасыр
бұрын Рим императоры Валерий Диоклетианның билікке қайта
шақырушыларға айтқан «Ах, если бы вы видели какую капусту я
вырастил в Сплите, вы бы меня не звали обратно» деген тарихи сөзі
ойымызға оралды. Темекең де осылайша өзінің сүйікті ісімен,
халқының қажетіне жарайтын шаруамен айналысып, елінің
экономикалық әлеуетінің өсуіне үлесін қосуға күш-жігерін жұмсады.
«Мәңгі өмір болмайды, мәнді өмір болады» дегендей, Темірхан
Мыңайдарұлы мәнді де, мағыналы өмір сүрді!
Артында өшпес із қалдырды, мемлекет және қоғам қайраткері
болды. Қай салада қызмет жасаса да абыройлы болды, адал еңбегі
мемлекет тарапынан жоғары бағаланды.
Жұбайы Сәуле Әмірқызымен текті ұл-қыз, ұрпақ тәрбиеледі.
Олардың қызығын көрді. Жанына жақын дос жинады, ағайынға адал
болды, халқына қалтқысыз қызмет етті. Біз Темірхан Мыңайдарұлын
ұмытпаймыз, мәңгі жадымызда сақтаймыз! Жатқан жерің жарық,
жаның жәннатта болсын бауырым!
Бар ғұмырың, еңбектерің саналы,
Ұрпақтарға өнеге боп қалады,
Батыр тұлға кеткенімен бақиға,
Жаққан оты шамшырақтай жанады!