Жазиралы Жаркенттің жаны жайсаң елағасы

Жазиралы Жаркенттің жаны жайсаң елағасы

                                               Жаркент өңірі өмірі өнегелі, жарқын істерімен халықтың

                                                 жүрегіне жол тапқан жақсы азаматтардан кенде емес.  

                                              Солардың бірі һәм бірегейі – Ақсубаев Серік Мұқашұлы

                                                                                        десек, әсте, қателесе қоймаспыз.

     

     Иә, расында, Жаркент өңірінен қай замандарда да небір өр тұлғалы азаматтар шыққан. Олардың өмірлері өнегелі, ғұмырлары ғибратты болатын. Тарих беттерін парақтасақ, кезінде осында қаншама текті азаматтардың болғанына көз жеткіземіз. Солардың арасында таңдай қақтырған шешен де, ақын да, батыр да, ғалым да, жазушы да, суретші де, кәсіпкер де бар екен. Әлбетте, мұндайда біздің аузымызға ең алдымен, сонау ертеректе өткен Тезек төре Нұралыұлы Абылайханов, Вали Ахун Юлдашев, Қасымхан Чанышев, Николай Головацкий ілінер еді...

     Жаркент – салт-дәстүріміздің, ана тіліміздің уыз мәйегін сақтап қалған, жүректеріне жылу мен мейірім ұялатқан жайдары халқы бар қасиетті өлке. Табиғаты қандай бай болса, бітімі бөлек, болмысы терең, жандары ізгілікке толы перзенттерге де соншалықты бай. Міне, біз сондай азаматтардың қатарында зор құрметпен Ақсубаев Серіктің есімін қосар едік.  

     Серік Мұқашұлы Панфилов аймағындағы Сұптай елді мекенінде дүниеге келген. Тым ерте жетім қалған ол, төрт жасында әкеден, алты жасында шешеден айрылған. «Жетім» сөзін естігенде, әдетте, көз алдымызға ішетін тамағы жоқ, киетін киімі жоқ, жаны жаралы қорғансыз бала-бейбақ көз алдымызға келеді емес пе... Иә, бала Серік те тап осындай аянышты күй кешсе керек-ті... Сұңғақ бойлы, ақ сұр баланың көзінде мұң... бейкүнә жүрегіне өшпестей сызат қалдарыған терең мұң жүретін...

     Расында да Серік қаршадайынан өмірдің ауырпалығын көп көрді. Жетімдік, жоқшылық тауқыметін әбден тартты. Мектепке дейін қайсыбір туыстарының үйінде жүріп, өгейліктің зардабын кешті...

     Кейін жеті жасқа келгенде туыстары оны Жаркент қаласының мектеп-интернатына тапсырды. Негізінен кеңес заманында мектеп-интернаттар шалғай жерлердегі малшылардың балаларына арналатын, алайда солардың арасында Серік сияқты жетім балалар да жүретін. 

     Жалпы, «жетім» сөзінің түпкі мағынасы – «жалғыздық» дегенге сыятын сияқты. Бәлкім, сондықтан да болар, жетімдер өздері балалы болмай жатып-ақ, ата-ананың қадірін тым ерте түсініп жатады. Олар үшін ата-ана баға жетпес құндылық. Олар ата-ананың аялы алақанын ешнәрсеге айырбастамасы хақ.

     Бала Серік те дәл осыған талай рет көзін жеткізген. Әсіресе, интернаттың балалары каникулға шыққанда... Ауылдағы үйлеріне алып кету үшін қырдан келген әке-шешелері балаларын құшақтап, беттерінен аймалай сүйіп жатқанда...  Мұндайда әке-шешесінің құшағындағы бала мәз-мейрам... Тап сол сәтте одан асқан бақытты жан жоқ-ау дерсің!..

     Міне, осындай кездері көздері боталап, жан-жағына жәутеңдей қарап, бір шетте жападан-жалғыз тұрған Серікті көресің... Бұл әлгі бақытты балалар сияқты бауырына тығылып, еркелей алатын не әкесі, не анасы жоқ тұл жетім Серік болатын... Сөйтіп, осылайша ол қасындағы достары үйлеріне кеткенде, мектеп-интернаттың жатақханасында жалғыз қалатын...

     Жалғыз қалғанда, үнемі жатақхананың терезесінен сыртқа телміре қарап отыратын. Сондағы ертелі-кеш тапжылмай күтетін адамдары – анасы мен әкесі. Оның ойынша, егер ерінбей-жалықпай шыдамдылықпен күтсе, әке-шешесі кенеттен ішке кіріп келетіндей көрінетін...

     Серік үшін мұндайда ең ауыры түнгі уақыт болатын, әсіресе төменгі сыныптарда оқып жүргенде... Он бала жататын кең бөлмеде, түнде жалғыз өзі ұйықтайтын. Көбіне үсті ашық қалып, қатты тоңатын. Қатты жаурайтыны соншалық, тісі-тісіне тимей таңға дейін дірдек қағып шығады... Сонда не істерін білмей, өксіп-өксіп жылап алады... Содан төсегінде арлы-берлі дөңбекшіп, мүлдем ұйқысы қашады... Осылайша қаншама түндер ұйқысыз өтті десеңші...  

     Негізінен интернат – үлкен бір отбасы. Ондағы оқушылардың жататын жері, ас пісіретін қазаны ортақ. Мұнда тәрбиеленген балалардың ұйымшыл, ынтымақшыл болып келетіні рас. Әсілі, сонау артта қалған сол бір күндердің мәуелі жемісі болар, тіпті күні бүгінге дейін Серік Мұқашұлы сондағы сыныптастарымен, олардың отбасыларымен әлі күнге дейн тату-тәтті араласып тұрады. Сол мектеп-интернаттың түлектері, ағайынды Қайрат пен Қуат Иманхановтармен, бірге тумаса да, туған бауырлардай бір-біріне жанашырлық танытып, бірін-бірі демеп, өмір асуларында талай-талай жтістіктерге жетіп келеді.

     Мектеп–интернатта оқып жүргенде, үшеуі бір үйдің баласындай өте тату болатын. Қайда барса да жұптары жазылған емес. Кешкісін киноға барады, көше қыдырады, ойын-сауықтарға қатысады.

     Жалпы, ауылдан келген балалар Жаркент қаласында өздерін жетім күшіктей сезінетін. Олар үшін бұл – бұзық қала. Жергілікті жасөспірімдер кездесе қалса, оларды келеке-мазақ ететін. Ашығын айтқанда, екі жақ ит пен мысықтай еді.

     Әрине, көпке күл шашудан аулақпыз, сондықтан нақтырақ айтсақ, әдетте  бар пәлені бастайтын түні бойы көше кезіп, арлы-берлі қаңғырып жүретін қаланың бұзықтары болатын. Әрі өздері иіскеп сезе ме, кім білсін, әлгі сұмырайлар интернаттың балаларын күншілік жерден танып қояды. Содан қуып жүріп, көкала қойдай, көк торғайдай етіп сабап жібереді.

     Серіктің әңгімесінен байқағанымыз, оның да бірнеше рет көзі көгеріп, аузы шие жегендей қып-қызыл болып жатаққанаға сүйретіліп жеткені әлі күнге дейін есінде көрінеді. Әйткенмен де жан керек емес пе, кейін ауылдықтар кешке қарай төрт-бестен топталып жүруге көшеді. Соның өзінде жанжалсыз, төбелессіз өткен кештер, әй, сирек-ау...

     Арагідік осындай келеңсіздіктердің орын алып тұратына болмаса, интернаттың жаман жақтары тегі жоқ секілді. Көбіне интернатта оқитын әрбір оқушы жауапкерлшілігі мол, еңбекқор жан болып өседі. Интернат, ең бастысы, темірдей тәртіпке бағынуды үйрететін. Әдетте темірдей тәртіп, тек әскери қызметте ғана бар деп жатады ғой. Міне, сондай темірдей тәртіптің дәмін алғаш тататындар интернаттықтар болатын. Ал енді тәртіпке талассыз мойынсұнатын, жауапкершілігі мол, қанағатшыл, бауырмал адамды қалай ұнатпайсың? Ұнатасың, сөз жоқ, бірден ұнатасың!

     Міне, осындай жағымды қасиеттердің бәрі интернаттың пайдасы. Жалпы, интернатта оқып жүріп, өмір сүруді үйренесің. Алыс-жақынның қадірін біліп, ешкімге масыл болмай күн көруге машықтанасың.

     Өмір осылайша зымырап өтіп жатады. Біздің кейіпкеріміз Серік жоғары сыныпқа жеткенде, әлсін-әлсін болашағын ойлай бастайды. Бәлкім, осындай ойлардың әсері болар, оның сабақ үлгерімі біртіндеп жақсара бастайды. Оның үстіне, ол сегізінші сыныпты бітіріп, жазғы демалысқа шыққанда, Алматыда тұратын Рәзия әпкесінің үйіне барғанда, профессор Заки Ахметовпен екі-үш сағат әңгімелескені де бар. Көпке танымал, тәжірибелі ұстаз ерінбей-жалықпай Серікке кәсіби мамандықты дұрыс таңдауға қатысты біраз ақыл-кеңес берген-ді. Әсілі, ұлағатты ғалымның ойлы әңгімелері жас жеткіншекке қатты әсер еткен болса керек.

     Сол кезден бастап, Серік милиция мамандығын таңдауға бел буады. Ақыры осындай тәтті арман-қиялы жетелеген жас өрен мектеп бітірген жылы құжаттарын Қарағанды қаласындағы КСРО ІІМ-нің Жоғары милиция мектебіне тапсырады. Сөйтіп, жақсы дайындығы, мектеп-интернатта алған ерекше тәртіп-дағдылары жақсы қолдау болып, Қарағандының Жоғары милиция мектебіне кедергісіз қабылданады.

     Тыңдаушы (курсант) Ақсубаев төрт жыл милиция мектебінде сабағын жақсы оқып, спорт жағынан да озық нәтижелерге қол жеткізіп жүреді. Өзінің сондағы курстастары Нысанбаев Назар Әбдімәлікұлы, Нұрғалиев Төлеген Әлімханұлы, Зиязиддинов Феликс Насимұлы,  Оспанов Мұрат Сұңғашұлы сияқты курстастарымен бүгінде бастары қосыла кетсе, міндетті түрде сонау артта қалған курсант кездерін естеріне түсіріп жатады. Сондай кездері ғой, Серіктің сол уақыттағы лақап атын естеріне алып, «братишка» деп, бәрі бір мәз-мейрам болып қалады.      

     Серік Ақсубаев 1984 жылы КСРО ІІМ Қарағанды жоғары милиция мектебін тамамдап, Көкшетау АІІБ-ның тергеушісі болып тағайындалады. Ал тергеуші деген кім? Біріншіден, тергеуші мамандығы қашан да шынайылық пен төзімділікті, сауаттылықты талап етеді ғой. Бұл мамандықтың иелері қылмыскерлерді тек құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы, Қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес, істі жан-жақты зерттейді. Шындығына жүгінсек, адам тағдырына деген жауапкершілік үшін ақиқаттың ақ жолынан ауытқымау кез келген адамның қолынан келе бермесі анық. Міне, осындайда  тергеушіге артылатын ең ауыр жүк – ар алдындағы адалдық. Тап осындай зіл батпан ауыр жүкті арқалаған С. Ақсубаевтың әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт шытырман оқиғалармен өріліп жатады...

     Жас тергеуші Серік Мұқашұлы жұмысқа алғаш араласқан күннен бастап, өзін жақсы жағынан көрсете білді. Сол уақыттарда қызметтегі тікелей басшысы Иосиф Михайлович Ким жас жігіттің іске деген қарымын, адалдығын, зерделі білімін бағалай білді. Тегі сондықтан да болар, Серік болашақ жұбайының үйіне  құда түсіп барғанда, осы Иосиф Михайловичті алып барады. Бір қызығы, бұлардың қастарында өзге ешкім болмайды.

     Қалындықтың әке-шешесі Қазбек Жаңабайұлы мен Қадиша Баязитқызы көпті көрген, өмірдің ащы-тұщысын татып, талай белестерден өткен, түсінігі мол адамдар екен. Серік пен Гүлнарға оң баталарын беріп, қыздарын ұзатып, тойға қатысып, қолдарынан келген барлық жақсылықтарын жасайды.

     Бастығы И. Ким қарамағындағы жас тергеушіні осылайша бауырына тартып, үнемі қамқорлық танытып жүреді. Алайда бір жолы Серік өзінің көптен көкейінде жүрген ойын ашық айтуға тура келеді. «Иосиф Михайлович, – дейді ол қиын да болса, бұлтақсыз айтуға бекініп, – тумасам да туғаныңыздай көріп, бауырыңызға бастыңыз, осы қамқорлығыңыз үшін алдыңызда мәңгі қарыздармын! Дегенмен де қазақта: "Ер туған жеріне, ит тойған жеріне" – деген сөз бар. Рұқсат етсеңіз, туған жеріме жұмысқа ауысқым келеді".

     Жетіліп, өз-өзіне келген азаматты қалай күштеп ұстамақсың? Бастығы жақсы да білгір маманды шетке қаншалықты қимағанымен, ақыры ойын ақылға жеңдіріп, Серікке рұқсатын береді.

     Сөйтіп, тергеуші Ақсубаев туған жеріне, Талдықорған облысы, Панфилов ауданының Жаркент қаласына, қайтып көшіп келеді. Осындағы Ішкі істер саласында Серік Ақсубаев қатарынан 27 жыл тапжылмай қызмет атқарады. Қызметтік шені полковник дәрежесіне дейін көтеріледі.

     Сегіз жыл тергеуші болып істеген ол жыл сайын «Үздік тергеуші» ретінде арнайы марапатталатын. Кейін осы Панфилов ауданында Криминалдық милиция бөлімшесінің және Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес бөлімінің басшысы болды. Ізденімпаздығымен дараланып, әріптестерінің арасында әманда алдыңғы қатардан көрінетін оны Алматы облысының жоғары лауазымды басшылары әрдайым қызмет барысында жоғарылатып отырды. Серік Мұқашұлының соңғы лауазымы – Алматы облысы ІІД Панфилов, Ұйғыр, Кербұлақ және Райымбек аудандары бойынша ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы болатын. 

     Ол өзінің басшылық қызметтегі ұйымдастыра білу қабілетін еңбекқорлығымен, әділетті де шынайы тазалығымен ұштастырып, бұқара халықтың айрықша құрметіне бөленді. Сондай-ақ өзінің күнделікті істерімен бойкүйездікті, енжарлықты білмейтін полиция басшының керемет үлгісін көрсетті.

      Кез келген адамның өмір жолында небір кедергілер мен бөгеттердің кездесіп тұратыны белгілі ғой. Полковник С. Ақсубаевтың өмірінде де көрген қиындықтары мен жолын кескен кедергі-бөгеттері аз болған жоқ. 

     Серік Мұқашұлы текті жігіт. Тектілік оның арғы бабаларынан жалғасып келе жатқан асыл қасиет. Егер туған елін, туған халқын жан-тәнімен, бар жүрегімен сүйетін, жанын арының садағасы деп біліп, қандай қиын жағдайларда да арынан аттамайтын бекзада азаматты текті кісі дейтін болсақ, нақ сондай текті адам, туған халқының алғысына бөленіп жүрген біздің досымыз Серік дер едік. Ол қаншама жылдар құқық қорғау органдарында аянбай тер төгіп, небір асулардан сүрінбей өтіп, тәртіп қорғау саласындағы ерен еңбектерінің арқасында жұртшылықтың алғыс-марапатына бөленіп келеді.  

     Адал еңбегіңнің жемісін жеп, бейнетіңнің зейнетін көру – әркімнің де арманы шығар. Бірақ Серік Мұқашұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де шалжиып жата кетпестен, кәсіпкерлікпен айналысып кетеді. Жаркент крахмал-сірне зауытын салып, талай жылдан бері істен шығып қалған «Жаркент-Арасан» шипажайын қалпына келтіріп, іске қосты. Жаркент өңірінде жеті ғасырдан бері өсіп тұрған бір «Әулие ағаш» бар. Сол жерге саяхатшылар өте көп келеді. Міне, сол қасиетті саналатын ағаштың айналасын абаттандырып, соған күтім жасайтын адамдарға жағдай жасап, үй салып берген де осы Серік Ақсубаев.

     Жаркент қаласының Сыпатаев көшесіндегі қараусыз қалған ғимаратты қайта жабдықтауға (қазір оны «Ақ мешіт» деп атайды), Панфилов ауданындағы Енбекші ауылының мешітін салуға Ақсубаевтардың отбасы қомақты қаржы бөлді.

     Жалпы, ерлі-зайыпты Ақсубаевтар Жетісу өңіріндегі ең алдыңғы қатардағы қайырымдылық жасаушылар, демеушілер, меценаттар.   Ақсубаевтардың шынайы қамқорлықтарын көрген адамдар Жаркент өңірінде мыңдап саналады. Осынау қайырымды адамдардың риясыз қамқорлықтарын,  істеген жақсылықтарын көрген мұқтаж жандар, өздері куә болған жайттарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа қуана жеткізіп жатады. Ал олардың кейбір қайрымдылық істері ел арасында тіпті анызға айналып кеткен.  

     Серік Ақсубаевтың өнегелі істері кім-кімнің де көңілін жадыратып, жанына шуақ нұрын құйып келеді. Жерлестері ұсақ-түйек пендешілік атаулыдан қашанда бойын аулақ ұстайтын асыл азаматқа дән риза!  Халық даналығында нағыз адамгершілік туралы: «Шөлге құдық қазған, Өзенге көпір салған, Жолға ағаш еккен...» деген ұлағатты сөз бар. Біз білетін Серік Мұқашұлы, міне, тап осындай азамат! Оның ел үшін жасап жатқан талай-талай игілікті істері «Қарға бауырына тартып жейді, қыран айналасына шашып жейді» дегеннің тап өзін танытса керек-ті...

 

                                                 *     *     *

     Ендеше артымыздан өсіп келе жатқан жастарымызға, тек тілеулес достары біз ғана емес, барша Жетісу халқы тамсана сүйсінген Серік Мұқашұлы Ақсубаевтың азаматтық болмыс-бейнесін өнеге тұтсақ несі айып! «Жігіттің сұлтаны» дерліктей абзал досымыз аман болсын, елімізде осындай жаны жайсаң азаматтар көбейе берсін!

     Міне, жерлестеріміздің бетке ұстар мақтанышына айналып отырған осынау әріптесіміз, Серік Ақсубаев, міне, 60 жасқа толып отыр екен. Біздің осы мақаланы жазғандағы түпкі мақсатымыз, оны аяқ-қолын жерге тигізбей мақтау емес, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тілектестік ниет еді.

   Мерейлі жасыңыз құтты болсын, Секе, ел-жұрттың алғыс-батасына кенеле беріңіз!