Тербетер бесігімді самал желің...

Тербетер бесігімді самал желің...

Не жетсін, Жетісу - жер жәннатына,
Күш берген, қайрат берген қанатыма.
Нәр беріп, аялаған, әлпештеген,
Айналып оралармын құшағыңа.
Айналдым топырағыңнан, туған жерім,
Тербетер бесігімді самал желің.
Құлпырып, жайқалады жауқазындай,
Тұлымы желбіреген мен бір қызың, - деген балалық жүрегімді жарып шыққан бір шумақ өлеңімді туған жеріме арнаймын.  
     Қалай айтсақ та, Қазақстанның табиғаты өте керемет қой. Ол кереметтің бірі   менің туып-өскен жерім - Жетісу өлкесі.  Жетісудың жер жәннаты екеніне ешкімнің таласы жоқ. Әркім өзінің туған жерін, туған топырағын  сүйеді. Қай ақын болмасын, туған жеріне өз өлеңін арнайды. Менің ойымша, туған жердің қадірін әр адам әрқалай түсінеді.
     Жетісу жерінің қасиетті өлке, киелі мекен екенін біреу білсе, біреу білмес.
     Жетісу жайлы сөз қозғасақ,  Жетісу – көне мәдениеттің ордасы екенін де айта кету керек. Жетісу атауы VІІІ ғасырдан белгілі. Тарихшы ғалымдар Жетісу аймағын Моғолстан деп атап келген. Тарихшы Жамал Қарши Моғолстанды Жете деп жазады. Ендеше Жете деп отырғаны Жетісу. Бұл туралы Б.Нұржекеұлының  «Өзендер өрнектеген өлке» атты кітабында жан-жақты айтылады. Жетісу - жерұйық мекенді ежелден бері жеті судың өлкесі аталып келген, себебі, Іле, Тентек, Лепсі, Басқан, Ақсу, Қаратал, Көксу, сияқты өзендердің осы Жетісу жерінен ағып өтеді.
     Жетісу жерінің әсем табиғатын Жамбыл атамыз, қазақ поэзиясының құлагері атанған Ілияс Жансүгіров  жырлаған болатын. Жер жаннаты Жетісуда әулие бабамыз Райымбек батырдың ақ атаны шөккен, үш жүздің басын қосқан.
     Ертеден «Жер жанаты Жетісу» деп айтып келген қоныс Жетісу адамдарының өсіп-өнуіне қолайлы аймақтардың бірі болғаны белгілі. Бұл аймақта өмір сүрген адамдар артына мол тарихи-мәдени мұраларды қалдырған.  Олардың көбі бүгінгі таңда ұлтымыздың мақтанышы. Жетісу жеріне тарихи-археологиялық ескерткіштер кешеніне кіретін мұралардың бірі тастағы таңбалар болып отыр.
      Табиғаттың барлық сұлулығын өз бойына жинап алған Жетісудың өзен-көлдері, тау-тастары мен жазық даласы сан мыңдаған тарихтан сыр шертеді. Мысалы, Жетісу жерін мекендеген ежелгі Сақ тайпаларынан қалған  мұра – Тамғалы тас. Тамғалы тасты аспан астындағы көне мұражай деп санауға да болады.
      Жетісудың тағы бір тамаша жері – Шарын шатқалы. Бұл шатқалдардың 12 миллион жылдан астам тарихы бар. Сондықтан да, оларды зерттеу ісіне бүгінгі таңда бірқатар ғалымдар көп мән беруде. Жетісу жерінде 200-ден аса қала болғаны да мәлім.
     1867 жылы Жетісу территориясында Жетісу облысы құрылды. Жетісу 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың ірі ошақтарының бірі болды. Міне, биыл «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес 2022 жылдың  8 маусым  айынан бастап ресми түрде Жетісу облысы болып жарияланды. Орталығы - Талдықорған қаласы. Бұл да біз үшін жақсы жаңалық.
      Мен өз туған жерімнің     қысқаша тарихын тоқтала отырып, өз жерімнің өте қасиетті, киелі мекен екенін айтқым келді. Осындай мың жылдық тарихы бар елді мекенде туып, білім алып жатқанымды мақтан тұтамын. Жетісуда жерінде дүниеге келіп, сол әсем табиғаттың сұлулығын тамашалап, топырағына аунап, суын ішіп өсу - мен үшін үлкен мәртебе.
      Туған жердің тасы да топырағы да ыстық демекші, мен үшін туған жерім өте ыстық. Жетісудің көрікті жерлері туралы, туған елімнің көзтартар сұлулығына тамсанса таңды-таңға ұрып баяндай беруге дайынмын.  Біз көршілес елдердің тарихын жақсы білеміз. Ал біздің еліміздің өткенін білмеуіміз ұят нәрсе. Жер жанаты Жетісу өңірі  -  өзінің сұлу табиғатымен, терең тарихымен мақтануға тұратын мекен.                                                                                                                                                                 
        Біздің отбасымыз осы Жетісу жерінің көрікті қаласының бірі – Талдықорған қаласында тұрады. Талдықорған қаласының табиғатын, әсемдігін бір сөзге сыйғызу мүмкін емес.  Осындай киелі Жетісу жеріндегі балалық шағымның еш уайымсыз өтіп жатқанына мен шын жүректен қуаныштымын. Есейіп ер жетіп, басқа қалаға оқуға түсіп, білікті маман болып, үлкен қызметкер болып өз туған жерімде  қызмет атқарғым келеді. Кіндік қаным тамған жерімнің  таза ауасымен тыныс алып, туған жерімнің байлығын, табиғатын мақтан тұта беремін.

27 орта мектеп-гимназиясының

9ә сынып оқушысы Азаматқызы Нұрай