Ауызашар әдебі

Ауызашар әдебі

Әр пенде ұстаған оразасының Алланың алдында сауапты әрі қабыл болғанын қалайды.  Сондықтан да оразамыз қабыл болсын десек, оразаның шарттарымен қоса, оның әдебіне де ерекше көңіл бөлгеніміз жөн:
     1. Ауыз ашуға асығу. Ислам ғұламалары ауызашарға асығу – су ішуге, тамақ жеуге асығу емес, керісінше, күні бойы ұстаған оразасы, жасаған амалының сыйын алатын уақытқа, яғни, аман-есен оразасын бұзып алмай, ауызашарға жеткеніне шүкір айтатын сәтке асығу дейді.
     Алла Тағала бір құдси хадисте: «Менің ең жақсы көретін құлдарым – ауыз ашуға асығатындары»,-дегеніне сай, күн батқаннан кейін ауыз ашуды кешіктірмеу.
     Алланың елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Ауыз ашуды кешiктiрмеумен адамдардың амандыққа кенелуi жалғасады»,- деген.
     Дінімізде ауыз ашуды себепсіз уақытынан кешіктіру ұнамсыз іс болып саналады. Себепсіз кешіктіру ұсталған оразаның сауабын азайтады.
     2. Мүмкіндік болса ауызды жаңа үзілген құрмамен, ол болмаса кепкен құрмамен, ол болмаса сумен ашу.
     Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Оразасын ашатындарың аузын құрмамен ашсын. Себебі, құрма – берекет. Құрма таппаса, сумен ашсын. Өйткенi су пәк нәрсе»,- деген.
     3. Ауызды ашқаннан соң барып ақшам намазын оқу.
     Әнас ибн Малик (р.а) айтады: «Алланың елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) намаз оқудан алдын аузын жаңа үзiлген құрмамен ашатын. Жаңа үзiлген құрма болмаса, кептiрiлген құрмамен ашатын. Ол да болмаса, бiрнеше ұрттам су iшетiн».
     4. Ауыз ашар сәтте көп дұға жасау.
     Ауызашар сәтіндегі дұғаның кері қайтарылмайтыны көп хадистерде айтылған. Сондықтан аузы берік адам ауызашарға 5-10 минут қалғанда шын жүрегімен Аллаға жалбарынып, дүние-ақіретіне қажетін сұрағаны жөн.
     Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Ораза ұстаған адамның ауыз ашқан сәттегі дұғасы кері қайтарылмайды»,- деген.
     5.  Тамақты аз жеу.
     Дастарқанға қойылған асты да аз-аздан жеу. Мейлінше асқазанға ауыр болмаған, құнарлы тағамдар жеу, суды көп ішу түнгі құлшылықты мүлтіксіз атқаруға, тарауих намазын жеңіл оқуға септігін тигізеді.
     Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) тамақ мөлшері жөнінде айтқан сөзі денсаулық рецепті болып табылады: «Асқазандарыңды үшке бөліңдер, бір бөлігі — тамаққа, екінші бөлігі — суға, ал үшінші бөлігі - ауаға».
     Демек, дастарханға отырғанда тәбетпен отырып, ал тамақтанып болғанда біраз тоймай, асқазанда су мен ауаға орын қалдыру — пайғамбар сүннеті.
     Алла Тағала баршамыздың ұстаған оразамызды қабыл етсін!!!