Өркениет

Өркениет

Заманауи өркениет кемел ме?
Қайшы ма адам табиғаттың заңына?
Бас ұрғандар тек сәждеге әлемде
еніп кеткен автопилот заңына.

​Дәуірлерден өткен бізге дейінгі,
қалалардың қирандысы көргенің.
Ал ұрпақтар келер бізден кейінгі
білер ме екен қандай қауіп төнгенін.

​Адамға адам дұшпан болған заманда
қорқаулыққа душар болып жер беті,
соғыс бастап, кісі өлтіру әманда
зұлымдықтың шектен шыққан келбеті.

Өркениет дәуірінде жасаған
осындай ма табиғаты адамның?
Ал патшалар билігіне масайған
алаңдай ма тағдырына ғаламның?

​Теріскейден шыға ма деп тентегі,
Шығыс жақтың шұқшия ма шерігі?
Не болар деп, момын елдің ертеңі,
алау отта көңілімнің көрігі.

Міне, осы ғасырлардың айғағы,
сорақылық адам сорын қайнатқан.
Билік үшін таусылмайтын майданы
мәнсапқорлар өз ойынын ойнатқан.

​Өркениет- смартфондар, гаджеттер,
ізі де жоқ найзагер мен мергеннің.
Технология, ғылым, білім - қажеттер,
жараспайды көш соңынан ергенің.

​Құла түзде құлан мініп ойнаған
күндер өткен, оралмасы белгілі.
Басынбасын десең егер айналаң
өркениет жолын таңда ендігі.