Ұлттық намыс, ұрпақ тәрбиесі басты назарда
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатын оқып отырып, ел ертеңіне деген үміт оты лаулап, көшбасшымызға деген сенімім арта түсті. Президенттің “Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек” дегені қараталдық аналардың көшбасшысы ретінде, жалпы азамат ретінде мені қатты ойландырды. Қолыма қалам алуыма себеп болды.
Елінің ертеңін, жас ұрпақтың болашағын ойлайтын, халқын шексіз сүйетін (Президент) азамат қана осылай айтады деп ойлаймын.
Қасиетті Қаратал ауданында түбір бір туысқан халықтармен қоса, тағдырдың тауқыметімен сонау бір ауыр жылдары жер ауып келген ұлттар мен ұлыстар көп. Сондықтан болар Қаратал ауданының “кіші ассамблея” деп аталуы. Бір қолдың саласындай, бір атаның баласындай татулықта ғұмыр кешіп жатқан киелі өңіріміздегі ұлттардың достық тамыры тереңге кеткен.
Сол бір қиын-қыстау, 1937-1941 жылдардың өзінде біздің ата-аналарымыздың ерекше қонақжайлылығын, көл-көсір мейірімін, достық көзқарастарын жырдай ғып еске алатын “ағайындар” арамызда көп десем артық айтқандық та, мақтан да емес. Үлкендердің бізге, ұрпақтарына қалдырған үлгі-өнегесі.
“Бірлік бар жерде – тірлік бар” деген ата-бабаларымыз артындағы ұрпақтарына өсиет ретінде тағлымдарын қалдырды, баянды тіршілікке бет бұрғызып, өмір жолдарын үлгі ретінде нұсқады. Ел іші болған соң бұрындары бірлі-жарым жастар арасында “басбұзарлар” шықса, үлкендеріміз тентектерін тезге салып, тия білген. Бұл- біздің ұлтымызға тән қасиет еді.
Ал қазіргі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, шарықтап дамыған , жайлы, тыныш заманда жастарымыздың батыстың идеологиясына бой алдырып, електеушілікке бейім болып бара жатқаны – жанға батады.
Сонда не өзгерді?
Ақпарат ағыны барынша дамыды, ғаламтор желісін мейлінше жайды, теледидар бағдарламалары көп жағдайда сүзгісіз, бақылаусыз кетті. Жаға ұстатар жағдайларды көріп өскен ұрпақтың жағдайы айтпаса да белгілі... Кітап оқитындар азайды, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Жастардың кітап оқудан қол үзуі, олардың ой-өрісіне, тәрбиесіне кері әсерін тигізді ме деп те ойлайсың.
Мен Жетісу облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Қаратал аудандық Аналар кеңесінің төрайымы болғаныма аз уақыт (1 жыл) болса да аналар кеңесінің жұмысы жайлы көңіліме түйген біраз нәрселерді айтып көрейін.
Аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету;
-Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу;
-Аналардың құқықтық сауаттылығын арттыруға;
-Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге;
-Ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысуға;
-Әр түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты, үлгілі әрі тату отбасыларды насихаттауға атсалысады.
Негізгі мақсатымыз: ата-баба дәстүрін жалғастырып, аналармен, әкелермен, “жақсылыққа жетелейтін жандармен” бірлесіп, әр деңгейдегі ардагерлердің істерін үлгі ете отырып, елжанды азаматтар тәрбиелеуге өз үлесімізді қосу. Қоғамда, арамызда байқалмай қалған, ұрпақ тәрбиелеуде еңбегі сіңген әйел, аналарды анықтап, рөлін арттыру. Осы орайда көптеген жұмыстар атқарылды. Ең бастысы қашанда жанашырлыққа, жомарттыққа, жылулыққа, жақсылық жасауға асығып тұратын ана жүрегі жақсымызды асырып, жаманымызды жасырып, көмек қажет жандарға қол ұшын созып, “Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ ” дегендей, ойын деп жүріп от басқандарға бір мүмкіндік беріп, үміт жібін жалғауға көмектесу болып табылады.