Бахтияр Өнербаев: «Президенттің басты мақсаты – Қазақстанды әлеуеті зор мемлекетке айналдыру»

Бахтияр Өнербаев: «Президенттің басты мақсаты – Қазақстанды әлеуеті зор мемлекетке айналдыру»

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың басында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында экономиканы және егемендікті нығайтуға қатысты маңызды ойларымен бөлісіп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың басым бағыттарын белгілеп берді. Мемлекет басшысының дәстүрге айналған сұхбаттары елімізді дамытуға қатысты ілкімді істер мен жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың мәні мен маңызын отандастарымыздың терең түсінуіне, жете зерделеуіне мүмкіндік береді. Осы орайда елшіл, мемлекетшіл азаматтардың Президенттің сұхбатына қатысты орнықты ойлары, тиянақты толғамдары – үлкен маңызға ие екені жасырын емес. Қоғам қайраткері, елжанды азамат Бахтияр ӨНЕРБАЕВПЕН әңгімеміз ел дамуындағы оң үрдістер мен қоғамдағы жаңашылдықтар жайында өрбіді.

Бахтияр Әлтайұлы Өнербаев – 1967 жылғы ақпанда қазіргі Түркістан облысының Төле би ауданында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Жүсіп Баласағұни атындағы Қырғыз ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушылығынан бастаған. Әр жылдары Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары, Президенттің Іс басқармасында, Жоғары Сотта және Парламент Сенатының аппаратында басшылық қызметтерді атқарған.

2014-2016 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары, 2016-2020 жылдары Алматы облысы Текелі қаласының әкімі, 2020-2024 жылдары Алматы облысы әкімінің кеңесшісі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы сынды қызметтерді атқарған.

2024 жылғы маусымнан бастап Шымкент қаласы Дін істері басқармасының басшысы.

«Құрмет» орденінің және өзге де бірқатар жоғары дәрежелі мемлекеттік марапаттардың иегері.

«МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫ НЫҚ СЕНІМ БЕРЕДІ»

 – Бахтияр Әлтайұлы, ғұмырыңыздың ширек ғасырдан астам уақытын мемлекеттік қызметке арнап келесіз. Парламент қабырғасында сол кездегі Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге қызмет атқарып, заң шығару саласында өзіндік қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Өңірлерде жоғары лауазымдарда еңбек етіп, халықпен етене араластыңыз. Аймақтарда талай игілікті істерге ұйытқы болғаныңызды көзіқарақты қауым жақсы біледі. Бүгіндері ұлысымыздың ұйытқысы саналатын шырайлы Шымқалада еселі еңбек етіп келесіз. Ел Президентінің сұхбатында көңіліңіз ерекше толған тұстарға тоқталып өтсеңіз. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ.


– Президентіміздің «Ana tili» газетіне берген кең көлемдегі сұхбатында елімізде былтыр жасалған жұмыстар және биыл алға қойылып отырған жоспарлар туралы көптеген көңілге қонымды оң нәтижелерді атап өтті. Соның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемдік геосаяси ахуалға қатысты маңызды мәселелерді назарға алды. Бүгінде батыс елдерінде, жалпы әлемде Қазақстанды «орта держава» деп атап, бізді соғыс өрті өршіген елдер арасында дәнекер рөлін атқарып отырғаны белгілі.

Мемлекет басшысы Қазақстанда қоғамдық келісім мен өзара бірлік мызғымауы тиістігіне назар аударып, билік жүйесі біртұтас болуы тиістігін атап кетті. Екіншіден, Президент «Құдайдың жердегі көлеңкесі» емес, мемлекетті басқару үшін белгілі бір мерзімге сайланған менеджер ғана екендігіне ерекше тоқталып өткен. Үшіншіден, жоғары мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді, соның ішінде күштік құрылым басшыларын мұқият іріктеу жүргізуге назар аударып өткен. Олар қастерлі Отанымызға, Қазақстан Республикасына адал болуға тиіс. Ең бастысы – «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, әділдік қағидатын орнықтыру қажет.

Президент өз сөзінде 204 негізгі жобаны қамтитын Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспары жайына да тоқталған. Соның ішінде «Достық – Мойынты» темір жолының салынуы. Бұл инфрақұрылымдық жоба еліміздің көлік-транзиттік инфрақұрылымын түбегейлі өзгертпек. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы елдегі цифрландыру барысын, оның маңыздылығын егжей-тегжейлі баяндаған. Жалпы алғанда, сұхбатта Қазақстанды жаңғыртудың маңызды тетіктері сараланып, болашаққа нақты жоспарлар екшелген. Ел азаматы ретінде Президенттің сұхбаты көңілімнен толыққанды шыға білді.

– Президент Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екендігіне ерекше маңыз берген. Еліміз үшін күрделі кезең болса да, соңғы жылдары жүйелі экономикалық реформалар қолға алынуда. Алдағы бес жылдық дамудың негізі қаланды. Көптеген маңызды жобалар мен бастамалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Мемлекет басшысының бастамасымен бастау алған, әлеуметтің көңіл үдесінен шыққан осы тақілеттес өзге қандай іс-шараларды айтар едіңіз?


– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» деп аталады. Отандастарымыздың көңіл үдесінен шыққан бағдарламаның басты мақсаты – әділеттілік қағидатына сүйенген Қазақстан құру. Бағдарламадағы бастаманың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Мен бұл шешімді тарихи шешім деп атаған болар едім. Бұдан бөлек, ел игілігін көздейтін бастамалардың қатарында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын да ерекше астын сызып атап өткен жөн. Бұның барлығы да келешегіміз үшін, болашақ ұрпақтарымыздың қамы үшін қолға алынып жатқан баянды жұмыстар.

«33 ЖЫЛЫМДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ АРНАП, БИЛІКТІҢ БАРЛЫҚ ТАРМАҒЫНДА ЕҢБЕК ЕТТІМ»

– Әлем – алаңдаулы. Жаһанда бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отыр. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде Қазақстан бейбітшіліктің алтын бесігіне айналып отыр. Мәселен, бірнеше жыл қатарынан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары елорда төрінде бас қосып, алқалы жиын өткізіп келеді. Шымкент сынды мегаполистің Дін істері басқармасының басшысы ретінде бұл алаң діндер арасында өзара диалог орнатуға қаншалықты серпін беріп келеді?


– Дінаралық татулық тұғырын биік етіп, қоғамдағы дін рөлінің маңыздылығын айқындай отырып, елімізде үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткізіледі. Конфессияаралық келісім –Қазақстан халқы үшін өзара түсіністікті қажет ететін қастерлі құндылық. Басқосудың басты мақсаты – әртүрлі дін өкілдері арасында диалог орнату. Бұл өзара түсіністікке, стереотиптер мен теріс діни пікірді жеңуге, діни шиеленіс пен қақтығыстарды азайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ, жиын барысындағы келелі кеңестер діни бірлестіктер арасындағы бейбіт қарым-қатынастарды құруға көмектеседі, жаһандық проблемаларға айналған терроризм, экстремизм және діни төзімсіздік сияқты мәселелерді талқылап, бірлескен шешімдер шығаруға ықпал етеді. Дәстүрлі басқосу бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетіп, зорлық-зомбылық пен экстремизмге қарсы тұруға, әртүрлі діндер мен мәдениеттер арасында бейбіт қатар өмір сүруді ынталандыруға бағытталған. Қайырымдылық, әлеуметтік жұмыс және мұқтаждарға көмек көрсету – гуманитарлық саладағы конфессияаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Әртүрлі діни бірлестіктер көшбасшыларының арасындағы кездесулер мәдени алмасуға, әртүрлі мәдениет пен діни құндылықтар туралы білім мен түсінікті кеңейтуге септігін тигізеді. Бұл – мәдени әртүрлілікке төзімділік пен құрметті нығайтуға көмектеседі.

– Бахтияр Әлтайұлы, Сіз егемендіктің елең-алаң кезінен бері билік дәлізінде түрлі лауазымды қызметтерді атқарып келесіз. Өткенге шегініс жасайықшы… Барлығы қалай басталып еді? Табиғаты көркем Төле би өңірінде дүние есігін ашқан бала Бахтиярдың бүгінде өзіндік болмыс-бітімі қалыптасқан елшіл Бахтиярға дейінгі жүріп өткен өмір жолына шолу жасап көрсек...

– 35 жыл еңбек өтілімнің 33 жылын мемлекеттік қызметке арнап келе жатыр екенмін. Осы жылдары аралығында заң шығарушы, атқарушы және сот билігінде қызмет атқардым. Былайша айтқанда, Қазақстанның үш билік тармағында да еңбек еттім. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы болып тұрған тұста Сенаттың аппаратында басшылық лауазымда қызмет атқардым. Ал Жоғары Соттың Төрағасы Қайрат Әбдіразақұлы Мәми болған тұста сот билігі саласында еңбек еттім. Ал атқарушы биліктегі еңбек жолым Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың 3 жыл орынбасары және Алматы облысы Текелі қаласының әкімі ретінде еңбек еткен кезеңмен байланысты. Атқарушы биліктегі шоқтығы биік қызметім – Президенттің Іс басқармасында бөлім меңгерушілігі. Онда бірнеше жыл қатарынан табанды әрі нәтижелі еңбек еттім. Бұл кездері Президенттің Іс басқармасы басшылары Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаев пен Темірхан Мыңайдарұлы Досмұханбетов болатын.

Бүгінде Шымкент қаласының әкімдігінде шаһар басшысы Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбековтің басшылығымен елге қызмет етудемін.

«ЕЛІМІЗДІҢ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫНЫҢ НЕГІЗІ – АТА-БАБА ДӘСТҮРІ»

– Парламент Сенатында бірнеше жыл қатар қызмет істегенде Қасым-Жомарт Кемелұлымен көп ретте етене жақын іскерлік байланыста болдыңыз. Қызмет барысында ол кісінің қандай қасиеті ұнайтын?


– Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен жұмыс барысында қарапайым, адалдық пен тазалықты басты ұстанымға алатын. Әр аптаның сәрсенбісі күнінде бюро отырысы болатын. Отырыста Сенаттың қабылдайтын заң жобаларын талқылап, бюрода бекітетін. Бейсенбі күні сағат 10:00-де Сенат отырысы болатын. Сол кездері Қасым-Жомарт Кемелұлының отырысты жүргізу шеберлігіне, сауалдардарға жауап беруіне қарап тәнті болатынмын. Ол кісі – мықты дипломат, мемлекетшіл, таза және адал азамат. Қарапайымдылықты жақсы көретін сабырлы кісі. Интеллегент және мықты стратег. Менің ойымша, осындай көркем мінез, адалдық пен тазалықтың арқасында жоғары лауазымға жетті. Біліктілігі мен білімінің арқасында елде саяси реформалар жүргізіп, әлеуметтің әлеуетін көтеретін жаңашылдықтар енгізіп жатыр. Атап айтқанда, Конституцияға өзгеріс енгізіп, келесі президенттердің өкілеттілігін тек бір мерзімге сайланатын норма енгізді. Мемлекет басшысының осы шешімі маған ұнады. Бұл бастама барша қазақстандықтардың қолдауына ие болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Президенттік өкілеттілігі мерзімінде жасап жатқан реформаларының барлығы іске асып, мемлекетіміздің экономикасын арттырып, ынтымақ-бірлігін нығайтып, әлемдік аренада өзінің саяси орны бар беделді елге айналдыруға қажыр-қайратымен еңбек етіп жатқанына шексіз ризашылығымды білдіремін.

– Әлеуметтік желіде өте белсендісіз. Түрлі түйіткілді мәселелерді үнемі көтеріп жүресіз. Ел арасында жүрген азамат ретінде бүгінгі қоғамдағы қандай мәселелер шымбайыңызға батады?

– Ел арасында түрлі түйіткілді мәселелер бар. Оның ішінде экономика, экология, білім беру, көші-қон, әлеуметтік теңсіздік сияқты тақырыптар жиі көтеріледі. Соның ішінде дін мәселесі де қоғамда маңызды орын алады. Әсіресе, жат ағымның жетегінде кетіп, дұрыс жолдан тайып жатқан жастарды көргенде қынжыласың. Олар рухани, ұлттық болмысынан айырылып, өзіне де, қоғамға да зиян келтіруде.

Екіншіден, ғаламторда отырып, алаяқтардың айласына түсіп қалып, алданып қалғандарды көргенде күйінесің. Көп адам оңай олжа табамын деп немесе жеңіл жолмен мәселе шешемін деп алаяқтардың торына түсіп, тапқан-таянғандарынан айырылып жатыр. Олардың қатарында жалған инвестициялар мен қаржы пирамидалары, жалған интернет-дүкендер, банктік алаяқтар, жалған жұмыс ұсыныстары, хакерлік шабуылдарды атап өтуге болады.

Үшіншіден, интернеттегі атыс-шабыс ойындарға еліктеп, қатыгездікке бой ұрып,  ауыр қылмыс жасап жатқандардың саны артуда. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес күшейгенімен, интернет пен әлеуметтік желілер арқылы радикалды идеология таралуда.

Өкінішке орай, бүгінде әлеуметтік желідегі хайп қуып жүрген блогерлер мен псевдожурналистер көбейген. Қазіргі күнде аяқтан шалу, біреудің артын қазып, орға жығу деген сияқты жағымсыз істер қанға сіңіп бара жатқан сияқты. Осындай лас істерден алшақтап, арзан хайптан арылып шынайы ақпаратқа сенуіміз керек. Қоғамда сауаттылық, мәдениеттілік, мейірімділік сияқты адами құндылықтарды арттыру қажет. Көшеге түкіру, жол ережесін бұзу сияқты ұсақ заң бұзушылықтарға жол бермеу – үлкен өрескел істердің алдын алуға сеп болмақ.

Бұл мәселелердің шешімі ата-баба дәстүрін көптеп дәріптеуде деп білемін. Өйткені, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан құндылықтар ұлттық бірегейлікті, тәрбиені, рухани дамуды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық болмысының негізі – ата-баба дәстүрі. Тіпті Кеңес үкіметі тұсында дәстүрдің сақталып қалуының арқасында асыл дініміз жойылып кетуден аман қалды.

«ЖАС ҰЛҒАЙҒАН СОҢ ӨЗІҢНІҢ КІНДІК ҚАНЫ ТАМҒАН ЖЕРІҢДІ АҢСАЙСЫҢ»

– Соңғы жылдары шекара асып, шетелге көшкен қаракөз қандастарымыздың саны артып келеді. Олардың басым бөлігі сырт мемлекетте қара жұмыс істеп, нәпақа табуға мәжбүр. Қоныс аударғандардың қатарында жастардың қарасы басым болып тұр. Бұл үрдіс туралы не айтасыз?

– Сөзіңіз орынды. Өкінішке орай, қазір жастар шетелге асып кетіп жатыр. Шетел асып кетіп жатқан жастарға айтар едім, қанша қиын болса да, қанша жол ашылмай жатса да, мүмкіндігінше туған жерде қызмет ету керек деп ойлаймын. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп бекер айтпайды ғой. Қазір шетелге асып кетіп жатқан азаматтар арасында өз елін аңсап, туған топырағын сағынып жүргендер жетерлік. Жастық шақта білінбейді, алайда орта жастан асқаннан кейін әркім өзінің кіндік қаны тамған жерін аңсайды. Соның бірі – өзіммін. Туған жерім Түркістан облысы, Шымкент қаласына өзімнің ағайын-туыстарымның ортасына, анамның қасына келдім. Бүгінде туған жерде қызмет етіп жатқан жайым бар. Үш жылдай Шымкент қаласы еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы ретінде еңбек еттім. Шымкент қаласы әкімі болып Ғабит Сыздықбеков деген жас азамат әкім болып тағайындалды. Ол кісі мені әкімдікке қызметке шақырып, ұсыныс білдірді. Бүгіндері басқарма басшысы ретінде еңбек етіп жатқан жайым бар.

– Өнербаевтар әулеті – елімізге танымал әулет. Өмірдің біраз белестерін бағындырып, алпыс жасқа қадам басқан бүгінгі сәтіңізде өсіп-өнген ортаңыз, ата-анаңыз, бауырларыңыз жайында айтып өтсеңіз.

– Мен 1967 жылғы 9 ақпанда қазіргі Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Көксәйек деген ауылдың жанында таудан аққан Сайрамсу деген өзеннің солтүстігіндегі Қазақстан деген шағын ауылда көпбалалы отбасыда дүниеге келгенмін. Анамыз 33 жасында 10 баланы дүниеге әкеліп, «Батыр ана» атағын алған. Алтын құрсақты анамыз қазір 84-те, әкеміз өкінішке орай 81 жасында бақилық болды. Жақында ең үлкен ағам Әлжан дүние салды. Орнында бар оңалар демекші, ағамыздың артында бір ұлы, екі қызы, он үш немересі қалды. Оған да шүкіршілік етеміз. Нұрланнан кейінгі Ерлан ағам жол апатынан 1993 жылы қаза тапқан. Артында Линура деген қызы қалды. Қазір екі бірдей немерелері өсіп келе жатыр. Менен бір жас үлкен Қанат ағам 2020 жылы ауыр науқастан кейін қайтыс болды. Артында алтындай үш қызы және немерелері бар.

Нұрлан ағам өзінің қажырлы еңбегімен, өрісті өнерімен Өнербаевтар әулетін шартарапқа танымал етті. Біздің басты мақсатымыз – Өнербаев әулетінің атына кір келтірмей, ары қарай асқақтату. Енді өзімнің жанұяма келер болсам ұлым Мирас қазіргі таңда прокуратура саласына қызмет атқарады. Қызым Жамиля – жазушы. Жуырда үшінші кітабының презентациясы өтті. Өнербаевтар әулетінің ары қарай даңқын асқақтататын қызым Жамиля болмақ. Бұл сөзді қызымның екінші кітабының таныстырылымында Нұрлан ағам да айтқан болатын. Себебі, қызым да ағасы секілді шығармашылықтың адамы. Жолдасым Ғалияның өзінің жеке кәсібі бар.

– Әңгімеңізге рақмет.